ТАРИХИ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ: ВЕБИНАР ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
2026 жылғы 28 қаңтарда «ӘБ синергиясы: кәсіби дамудың бірыңғай әдістемелік платформасы» атты жобасы аясында, облыстық әдістемелік бірлестіктің жоспарына сәйкес тарих пәні мұғалімдеріне арналған «Цифрлық тарихшы: ЖИ арқылы тарихи білім беруді трансформациялау - автоматтандырудан шығармашылыққа дейін» атты облыстық практикалық вебинар ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты: Тарихи білім беруді трансформациялаудың стратегиялық құралы ретінде жасанды интеллектінің әлеуетін ашу және мұғалімдердің инновациялық сабақтарын жобалауда ЖИ-технологияларын қолдану бойынша қолданбалы дағдыларын қалыптастыра отырып, күнделікті іс-әрекеттерді автоматтандырудан шығармашылық цифрлық орта құруға және оқушылардың зерттеу құзыреттіліктерін дамытуға қабілетті «Цифрлық тарихшы» рөліне өтуін қамтамасыз ету.

Вебинардың практикалық мазмұны:
Вебинар бағдарламасы екі негізгі блокқа бөлініп, қатысушыларға ЖИ-ді қолданудың нақты кейстері ұсынылды.
1. ЖИ арқылы жобалық қызметті жобалау:

• «Урицк мектеп-лицейінің» ұстаздары А.М. Бекмагамбетова мен Н.В. Стёпина генеративті дизайн құралдарын таныстырды. Олар тарихи оқиғаларды визуализациялау арқылы иммерсивті оқу ортасын құрудың тиімділігін негіздеді.

• Қостанай қаласының №19 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі К.С. Лёвина оқу процесін геймификациялауға арналған ЖИ құралдарын көрсетіп, тарих сабақтарын интерактивті форматқа көшіру жолдарын бөлісті.

2. Цифрлық контент және аналитика:

• Лисаков қаласының мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Л.М. Мухамедьярова соңғы уақыттағы ең қуатты құралдардың бірі — NotebookLM платформасымен жұмыс істеу алгоритмін көрсетті. Спикер тарихи дереккөздерді талдау және оларды сапалы аудио-визуалды өнімге айналдыру процесін тәжірибе жүзінде дәлелдеді.

• Ғ. Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясының педагогтері Н.С. Ормантаев пен Д. Қонысбайқызы тарих сабағында медиа-контент жасаудың әдістемелік ерекшеліктеріне тоқталып, авторлық подкасттар мен бейнематериалдар әзірлеудің жолдарын ұсынды.

Вебинар соңында спикерлердің озық тәжірибелері жинақталып, облыс мұғалімдеріне әдістемелік ұсыным ретінде жолданды. Бұл шара Қостанай облысының білім беру саласындағы цифрлық трансформацияны іске асырудағы кезекті маңызды қадам болды.