2025 жылдың 5 маусым күні Жангелді ауданының білім бөлімі «Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы» ММ және «Әдістемелік орталық» КММ қолдауымен Алаш зиялысы, ақын, жазушы, аудармашы, ағартушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай облыстық ғылыми - теориялық конференция өткізді.

Конференцияға Жангелді ауданының әкімі, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының өкілдері, Қостанай облысының педагогтері, Арқалық педагогикалық мемлекеттік университетінің ғалымдары, Жангелді ауданының ардагер ұстаздары қатысты.

Мерекелік іс-шара Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы мен ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық – танымдық мұражайларынан бастау алып, орталық алаңда тігілген қос киіз үйде жабдықталған ұлттық көрмеде жалғасын тапты.

Н. Ахметбеков атындағы мәдениет үйіндегі пленарлық бөлім мен секция отырыстарында Міржақып Дулатұлы шығармаларының негізгі идеясы, көркемдік ерекшелігі кеңінен талқыланып, конфренцияға қатысушылар ұлы тұлғаларға қатысты беймәлім тың ақпараттармен танысты.

Конференцияның пленарлық отырысы қорытындысынан соң, Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары сомдаған «Бақытсыз Жамал» романының қойылымы мен Б. Хамзин атындағы өнер мектебінің концерті жұртшылыққа рухани ләззат сыйлады.

Іс-шара барысында білім саласына еңбегі сіңген Жангелді ауданының ардагер ұстаздары марапатталып, құрметке ие болды.