Қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, композитор, аудармашы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай 2025 жылдың 19 қыркүйегі күні Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының әдістемелік орталығы «Арқалық қаласы білім бөлімінің Восточный жалпы білім беретін мектебі» КММ базасында «Ұрпақ тәрбиесі - ұлт тәрбиесі!» тақырыбында облыстық семинар өткізді.
Семинар басталар алдында ауылдың тыныс – тіршілігін, әдет – ғұрпын, салт – дәстүрін бейнелеген «Ұрпақ тәрбиесі - ұлттық дәстүрден бастау алады» атты көрініс ұстаздар қауымы мен өскелең жас ұрпаққа заңғар жазушы М. Әуезовтың «Абай жолы» романында бейнеленген қазақ халқының ұлттық болмысын, күн-көріс тіршілігін елестетсе, Арқалық қаласының өнерпаздары сомдаған Абай, Ербол, Тоғжан, Әйгерім образдары ұлы ақынның толық адам ілімінен хабар беріп, көңілге түрлі ой салды...
«Абай тағылымындағы адалдық пен парасаттылык», «Абай арманы -адал ұрпақ тәрбиесі», «Абайдың толық адам ілімі – Адал азаматтың жолы», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі - тәрбие кілті» атты өткізілген ашық сабақтар мен «Абайдың қара сөздеріндегі өмірлік құндылықтар», «Хакім Абай – адалдық пен адамдықтың шамшырағы» тақырыбындағы шебер - сыныптар ұлы ақынның өмірде берік ұстанған ой –парасатын суреттеді.
Ақбота Жаңалыққызы өткізген «Білім берудің виртуалды кеңістігі: Абай поэмаларын жасанды интеллектінің көмегімен құрастырылған комикс форматында оқыту тәсілдері» атты шебер – сыныбы мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың биылғы жылы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында атап өтілген жасанды интелектіні білім саласына енгізудің батыл қадамы болып табылса, Е.Қ. Сутибаев пен Т.Т. Садуақас өткізген «Абай мұрасын меңгертуде нейрожелілердің рөлі» тақырыбындағы шебер-сынып ұлы ақынның шығармаларын өскелең жас ұрпаққа оқытудың заманауи тиімді әдіс-тәсілінің бірі екені анық.
Педагогика саласына сіңірген ерен еңбегі үшін ағымдағы жылы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың марапатына ие болған «Қостанай қаласы білім бөлімінің №1 мектеп-лицейі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер - Рахимова Эльмира Ерсалимовнамен өткізілген кездесуде ұстаздар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, тәжірибелі ұстаздың ақыл-кеңестерін тыңдады.
Семинар барысында Арқалық қаласы білім бөлімінің басшысы Маметеков Есламбек Жеңісұлы Эльмира Ерсалимовнаға Арқалық қаласы әкімінің арнайы сыйлығын ұсынып, шығармашылық табыс тіледі.
https://metodedu-kost.kz/kz/zhanaly-tar/636-rpa-t-rbiesi-lt-t-rbiesi.html#sigFreeId3f8b25b429





