Ағымдағы жылдың 17 наурызында Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Рудный қаласы білім бөлімінің А. Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ базасында география, химия, биология пәні мұғалімдеріне арналған «Жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқытуда инновациялық технологиялар мен цифрлық ресурстарды тиімді пайдалана отырып, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде білім беру және тәрбиелеу» тақырыбына арналған облыстық семинар өтті.
Семинардың мақсаты: оқытудың жаңа инновациялық әдістерін енгізу арқылы ойлау қабілетін дамыту, шығармашыл, құзыретті жеке тұлға тәрбиелеу, заманауи цифрлық ресурс технологиялары арқылы оқытудың тиімділігін арттыру және функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған сабақтарда жұмыс түрлерін жетілдіру.
Семинардың практикалық бөлімінде география пәнінің мұғалімдері О.С. Досмағұлова, С.Ж. Ешбанова «Жаратылыстану. Инновация. Трансформация» тақырыбында шеберлік сыныбын берсе, химия пәнінің мұғалімі А. Қ Асылбекова 9 «Ә»-сыныпта «Тамақ өнімдерінің құрамындағы көміртекті анықтау», Г.С. Төлегенова 5 "Ә" сыныпта «Қозғалыс» тақырыптарында ашық сабақ берді.
Биология пәнінің мұғалімі Г.А. Абдрахметова 9-сыныпта «Биотехнологиялық үдерістін жалпы сызбасы және биотехнологияда алынатын өнімдері» тақырыбында ашық сабақ көрсетті. Сондай-ақ география және биология мұғалімдері С.Ж. Ешбанова мен М.Н. Молдашева 9-сыныпта «Ғылым аренасы: Кальмар ойындағы жаратылыстану сынақтары» тақырыбында сыныптан тыс іс-шара көрсетті.
Осылайша, бұл семинар мұғалімдерге тәжірибе алмасуға және кәсіби ой-өрісін кеңейтуге, инновациялық технологиялар арқылы білім мен тәрбие сапасын арттыруда тың идеялар алып, жалпы адамзаттық құндылықтарға ден қоюға мүмкіндік берді.
Педагогтер сандық ресурстарды пайдалана отырып, жаратылыстану ғылымдарын тиімдірек оқытуға көмектесетін жаңа әдіс–тәсілдермен танысты.