Мектеп пен отбасы: тиімді серіктестік алаңы

Қазіргі заман баласына тек дайын білім беру жеткіліксіз. Оны ақпаратты өз бетінше іздеу мен өңдеу құралдарымен қаруландыру – уақыт талабы. Ал бұл үдерісте ата-ананың рөлі қандай?
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес, 2026 жылдың 22 мамырда  облыстық бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің  кейс-сессиясы ұйымдастырылды. Кейс-сессияға  бастауыш сыныптарының облыстық әдістемелік бірлестік мүшелері мен  білім беру ұйымдарының  бастауыш сынып мұғалімдері  қатысты.  
Басты мақсат не?
Мектеп пен отбасы арасында өзара сенімге негізделген біртұтас тәрбие-білім ортасын құру. Ата-аналарды тек сырттай бақылаушы емес, баланың дамуына жауапты белсенді серіктеске айналдыру.
Кейс-сессия жұмысында «Ата-аналармен білім берудегі серіктес ретінде жұмыс істеу» тақырыбына ерекше назар аударылды. Қазіргі білім беру жүйесінде балаға тек дайын білім беріп қана қоймай, оны ақпаратты өз бетінше іздеу мен өңдеу құралдарымен қаруландыру өте маңызды.
Кейс-сессияның негізгі түйіні:
Жаңа формат: Дәстүрлі жиналыстардан бас тартып, ата-аналармен жұмыстың тренинг, коучинг және ашық пікірталас алаңдарын дамыту.
Біртұтас құндылық: Бала бойындағы жауапкершілік пен еңбекқорлық мектепте де, үйде де бірдей қолдау табуы тиіс.
Цифрлық мәдениет: Баланың гаджеттерді тиімді пайдалануы мен цифрлық гигиенасын бірлесе бақылау.
Сессия барысында педагогтер нақты педагогикалық жағдаяттарды талдап, ата-аналармен тиімді коммуникация орнатудың практикалық алгоритмдерін жасап шықты. Бірлескен жұмыс қана жоғары нәтиже береді!