«Ұлы тұлғалар жолы» жобасы аясында Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының Әдістемелік орталығы Амангелді ауданының білім бөлімімен бірлесіп онлайн форматта «Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеяларының қазіргі заманауи білім беру жүйесіндегі сабақтастығы» тақырыбында облыстық ғылыми–тәжірибелік конференцияны өткізді.
Конференцияға Ы. Алтынсарин атындағы білім беру ұйымдары, облыстық білім бөлімдерінің әдіскерлері, жалпы білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мен ардагер ұстаздар қатынасты.
Халқымыздың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойында Амангелді, Жангелді ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушілері, ардагер ұстаздар, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері, Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Максұтбаева Қарлығаш Бекенқызы, А. Иманов мемориалдық музейінің әдіскері Досбергенов Жалғас Торғайбекұлы мен Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бөлекбаева Жұмаш Советқызы ұлы ағартушының өмірі мен педагогикалық еңбектеріне қатысты өз баяндамаларын ұсынды.
Іс-шара қатысушылары Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасын жаңаша зерделеп, оны білім беру тәжірибесінде тиімді қолданудың маңыздылығын атап өтті.