Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде география пәні мұғалімдеріне арналған облыстық тәжірибеге бағдарланған семинары өтті. Семинардың ұйымдастырушысы – Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Амангелді ауданы білім бөлімінің Амангелді жалпы білім беретін мектебі» КММ.
Семинардың басты мақсаты – қазіргі білім беру жүйесінде география пәнін оқытудың тиімді жолдарын қарастыру, заманауи әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізу және педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау болды.
Семинар бағдарламасына сәйкес мұғалімдердің шеберлік сыныптары мен пәндік құзыреттілікті дамытуға бағытталған тәжірибе алаңы аясында ашық сабақтар өткізілді. Сонымен қатар, рефлексиялық сессия ұйымдастырылып, қатысушылар «Ой бөлісу алаңында» өзара пікір алмасып, кері байланыс жасады.
Іс-шара барысында қатысушылар географияны оқытудағы инновациялық бағыттармен танысып, цифрлық технологияларды, соның ішінде GIS құралдарын пайдалану, интерактивті әдістерді қолдану және оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, цифрлық дәуірде білім алушының адалдық, жауапкершілік және азаматтық құндылықтарын қалыптастырудағы география пәнінің рөліне ерекше назар аударылды.
Семинар қорытындысында қатысушылар заманауи географияның білім кеңістігіндегі маңызы зор екендігін атап өтіп, алдағы уақытта бірлескен жұмыстарды жалғастыруға ниет білдірді.