2026 жылғы 22 сәуір күні Жангелдин ауданында биология және химия пәні мұғалімдеріне арналған облыстық семинар ұйымдастырылды. Семинар тақырыбы – «Химия және биология пәндеріндегі тиімді әдіс, зерттеу тәсілі және шығармашылық сабақ үлгілері». Семинар-практикумға барлығы 33 мұғалім қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мұғалімдердің зерттеушілік құзыреттілігін арттыру, STEAM және цифрлық технологияларды тиімді қолдану тәжірибесімен бөлісу болды.
Семинар барысында практикалық бөлімге ерекше назар аударылып, биология және химия пәндері бойынша ашық сабақтар мен шебер сыныптар өткізілді. Қатысушылар заманауи оқыту әдістерін, зертханалық жұмыстарды ұйымдастыру жолдарын және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған тиімді тәсілдерді тәжірибе жүзінде көрді.
Биология пәні мұғалімдері эволюциялық ұғымдарды оқыту, STEAM технологияларын қолдану және IT арқылы зертханалық тапсырмалар әзірлеу бағытында тәжірибе алмасты. Ал химия пәні мұғалімдері көміртек тақырыбын оқытудағы тиімді әдістерді, ойын технологияларын пайдалану және қауіпсіз зертханалық жұмыстар жүргізу тәсілдерін талқылады.
Семинар қорытындысында қатысушылар өзара пікір алмасып, білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын білдірді. Мұндай іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, тәжірибе алмасудың тиімді алаңы болып табылады.