Қазақ халқының ұлы ақыны, әнші, аудармашы, композиторы, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, 2025 жылдың 5 желтоқсаны күні «Қостанай қаласы білім бөлімінің Абай атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ базасында «А. Құнанбайұлы шығармаларының өсиеті және рухани мұрасы» тақырыбында облыстық ғылыми – практикалық конференция өтті.

Конференцияның ашылу салтанаты ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеген көрме мен Қостанай қаласының С. Көбеев атындағы жалпы білім беретін мектебі оқушыларының «Бала Абайдан – дана Абайға дейінгі өмір көші» атты сахналық қойылымымен ашылды.

Конференцияның пленарлық отырысында:

«Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті» КЕ АҚ аға оқытушысы, профессоры, педагогика ғылымдарының магистрі, тіл жанашыры - Абдуллина Ардақ Әмірханқызы «Абайдың нақыл да назым сөздері»;

Рудный қаласындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауылшаруашылығы саласының еңбек сіңірген ардагері, ақын, қара сөз қаламгері Тілеуқабылов Жаңбыршы Тұқатұлы «Түркі жұртының текті перзенті»;

Рудный қаласы мәслихатының депутаты, «Рудный қаласы білім бөлімінің Б. Майлин атындағы № 7 мектеп - гимназиясының директоры, педагогика ғылымдарының магистрі - Бірманова Қымбат Исламбекқызы «Абайтану: бүгінгі толғам және жаңа ізденістер»;

«Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті» КЕ АҚ «қазақ тілң мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Құлажанова Ақния Дарханқызы «Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні» тақырыптарында ғылыми баяндама оқыса, секциялық отырысқа қатысқан 70 –ке жуық ұстаздар қауымы өз баяндамаларында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректермен бөлісті.

Конференцияның өзектілігі мен ерекшелігі - «Абай Құнанбайұлының - далалық сот жүйесін қалыптастырушы басты реформатор ретінде танылуы. Өкінішке орай осы уақытқа дейін Қостанай облысының ұстаздар қауымы Абай Құнанбайұлын ақын, ағартушы, аудармашы, композитор ретінде танып келді. 

Профессор Ардақ Әмірханқызы өз баяндамасында дана бабамыздың төбе би ретінде бірнеше сайланып, елімізге аянбай қызмет еткенін және кешегі билер институты мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының  сот жүйесінің негізін қалаған рефарматор екендігін нақты айғақ, дәлелдермен жеткізе білді.

Жалпы қорыта айтқанда, өткізілген облыстық ғылыми-практикалық конференцияда облыс ұстаздары Абайтануға қатысты теориялық білімдерін практикамен байланыстырды, тың деректермен бөлісіп, тәжірибе алмасып қайтты.