2025 жылғы 4 маусымда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында «Оқыту күші: ELT (English Language Teaching) бойынша заманауи көзқарас» атты ІІ халықаралық конференция өтті.
Іс - шараны Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» КММ және ағылшын тілі мұғалімдерінің KETA қауымдастығы, АҚШ Қазақстандағы елшілігі және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚӨУ проректоры Жеңіс Жарлығасов сөз сөйлеп, білім беру жүйесінде цифрлық технологияларды интеграциялау мен халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Пленарлық сессияда қазіргі уақытта Римдегі Сапиенца университетінде мәдениетаралық коммуникация бойынша магистратурада оқып жүрген Анастасия Мармыш және Кувейттегі америкалық мектептің мұғалімі Әлібек Құрманғалиев баяндама жасады.
Конференция бағдарламасы іс - тәжірибеге бағытталған бірқатар іс - шараларды қамтыды, оның ішінде АҚШ шақырылған сарапшылар: Роберт Лейер (PhD) және Нэнси Линдберг өткізген шеберлік сабақтары болды.
Конференция кәсіптік қарым - қатынас орнату, жаңа идеяларды ұсыну және серіктестік байланыстарды нығайту үшін тиімді алаңға айналды. Қатысушылар іс - шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, болашақта мұндай бастамалардың жалғасын табатынына үміт білдірді. «Оқыту күші: ELT бойынша заманауи көзқарас» конференциясы ағылшын тілін оқытудағы қазіргі тенденцияларды ғана көрсетіп қоймай, сондай - ақ Қостанай облысындағы сапалы және инновациялық білімге ұмтылыстың символына айналды.