Қазақ даласының ұлы ағартушысы, педагог, жазушы Ыбырай Алтынсариннің  185  жылдық  мерейтойына орай,  Ресей Федерациясының Челябы,  Тройцк,  Свердловск, Қорған  облыстарын  мекендеген қазақ  диаспорысының  делегациясы  Қостанай облысына іс-сапармен келді.
Осыған орай,  ағымдағы  жылдың 16 қазан күні  Ы. Алтынсарин төсбелгісін иемденген педагогтердің, Қоғамдық даму басқармасы мен бұқаралық   ақпарат  құралдары  өкілдерінің   қатысуымен «Ы.   Алтынсарин  мұрасы – ұлт руханиятының  шамшырағы!» атты  кездесу іс-шарасы  ұйымдастырылды.
Кездесуде  А.  Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің  филология  ғылымдарының докторы, профессор А. Әбсадық ұлы ағартушының  өмірі  мен  шығармашылығына қатысты   Ильминский  мен Балғымбаевтың естелігі  негізінде жарық көрген  «Воспоминании обь  И. Алтынсарина»  атты жаңа кітабын таныстырды.
 «ҚР  Еңбек сіңірген  ұстазы» -   А. К. Нұғыманов   Ы. Алтынсариннің педагогикалық   ұстанымдары  тақырыбында баяндама жасаса, «Үздік педагог -2025»  республикалық байқауының  жеңімпазы - З. Д. Сергазина  өзге ұлт өкілі  балаларына қазақ тілін оқытудың  ұтымды  әдіс-тәсілдерін көрсетіп, Ресей елінен келген әріптесімен тәжірибе алмасты.  
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» КММ әдіскері  Е. Иманкулов өз баяндамасында қандас бауырларымыздың  Қазақстанға іс-сапармен келулерінің мақсатына   тоқталып,   Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгіні иелену – қазіргі   ұстаздарымыздың   білімге, адамгершілікке  және ізгілікке  негізделген ұлы педагогтің  ағартушылық жолын жалғастыруға  деген құлшыныстары мен  жас  ұрпақтың  болашағына  қызмет  етудің   жарқын  символы екендігін атап өтті.
Қостанай облысы  «Ұлы дала ұрпақтары»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Нұржан   Бегайдарұлы  өзінің  баяндамасында екі елдің достығы мен қандас бауырларымыздың елге, жерге, ұлттық –салт-дәстүр мен ана тілімізге деген құрметін атап өтіп,  іс-шараға жиналған барша қауымға ризашылығын білдірді.
«Ы.   Алтынсарин  мұрасы – ұлт руханиятының  шамшырағы!» атты  кездесу іс-шарасының салтанатты жиыны ҚР әнұранмен басталып, Е. Хасанғалиев ағамыздың  «Атамекен» әнімен аяқталды. 
Қандас бауырларымыздың іс - сапары  облыс орталығындағы Ы. Алтынсарин мен А. Байтұрсынов гүл шоқтарын қойып, тарихи және сәулет ескерткіштерін аралаумен аяқталды.