2026 жылдың 6 қазан күні Қостанай облысының Ы. Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен және Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» КММ қолдауымен Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері», Қостанай меценаттар клубының «Білім» номинациясы бойынша «Қазына» сыйлығының лауреаты, техникалық және кәсіптік білім беру номинациясы бойынша «2013, 2015 және «2018 жылдың үздік мұғалімі» республикалық байқауларының жеңімпазы – Сүйінкина Биалаш Балтақызымен кездесу өткізілді.
Ұлы ағартушының мұражайында ұйымдастырылған іс-шараға аға буын өкілдері, яғни - ҚР білім беру ісінің үздік зейнеткер ұстаздары: - Байсарина Раушан Абдыгалиевна, Бектас Разия, Айдаралиева Гүлжан Қастайқызы, әдістемелік орталықтың әдіскері Иманкулов Ермек Асқарұлы, ұстаздар қауымы және Қостанай ауданының «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ 9 «Ә» сынып оқушылары қатысып, мерейлі кеш иесінің педагогикалық ізденіс пен табысқа толы өмір жолы туралы пікір алмасты.
Шығармашылық кездесудің мақсаты - ширек ғасырдан астам өмірін ұстаздық мамандыққа арнаған Биалаш Балтақызының өнегелі өмір жолын өскелең жас ұрпақ пен ұстаздар қауымына насхаттау.
Жалпы, Биялаш Балтақызы – орта білім мен техникалық, кәсіптік және жоғары білім берудің мемлекеттік стандарты шеңберіндегі көптеген оқу құралдары мен әзірлемелердің авторы.
Бұл күнде 75 жасқа толған мерейтой иесі Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық және шығармашылық мұрасын 25 жылдан астам уақыт бойы зерттеген ыбырайтанушы ретінде де танымал. Саналы ғұмырында 300 ден астам мақалалары жарық көрсе, 2017 жылы оның «Ы. Алтынсарин – кәсіби білімнің негізін салушысы» кітабы баспадан шықты.
Биялаш Балтақызы - қазірде халықаралық, республикалық және өңірлік ғылыми-практикалық конференциялар мен байқауларға үнемі қатысады. Сүйікті ұстаз сонымен қатар, облыстық «Учительская плюс» газетінің «Инновациялық мектеп» байқауының бірнеше дүркін лауреаты.
https://metodedu-kost.kz/ru/news/1073-ly-a-artushyny-daryndy-izbasarlary-z-zhanymyzda.html#sigFreeId57fdaa6bd5











