Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің “Тоғыз айға – 9 іс-шара” тұжырымдамасын іске асыру мақсатында және Министрліктің тікелей қолдауымен, ҚР ОАМ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасымен бірлесе отырып, 2026 жылдың 27 ақпан күні “Менің сүйікті кітабым” атты республикалық челленджі өткізілді. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың рухани дүниетанымын кеңейту және өңіраралық әдеби байланыстарды нығайту болды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауқымды республикалық челленджге Қостанай облысы атынан Рудный қаласының білім бөлімі жауапты болып бекітілді. Эстафета барысында Қарағанды облысынан Роза Мұқанованың “Мәңгілік бала бейнесі” шығармасы қабылданып алынса, өз кезегінде Қостанай облысы Міржақып Дулатұлының “Бақытсыз Жамал” көркем шығармасын таңдап, оны Қызылорда облысына жолдады. Аталған челленджге барлығы 40 қатысушы белсене қатысты. Іс-шараның мақсаты мен міндеттерін кеңінен насихаттау мақсатында арнайы трансляциялар дайындалып, олар ата-аналар мен оқушылардың чаттарына жіберілді. Сонымен қатар, оқушылар өздерінің сүйікті кітаптарынан үзінділер оқып, шығарманың маңыздылығын ашып көрсететін бейнероликтер дайындап, кітап оқудың адам өміріндегі орны туралы өз ой-толғамдарын ортаға салды, бұл өз кезегінде мектеп оқушылары арасында кітапқа деген құрмет пен қызығушылықты одан әрі нығайта түсті.






