2026 жылғы 19 ақпанда Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Рудный политехникалық колледжі» КМҚК базасында облыстық «Сынып жетекшілерінің желілік мектебі» жобасы аясында «Заманауи оқу тобының жетекшісі: бейімделу, тәлімгерлік, топты дамыту» тақырыбында бір күндік тағылымдама өтті.
Аталған формат облыс колледждерінің оқу тобы жетекшілерін бір мақсатқа тоғыстырып, тәжірибеге негізделген ой бөлісу мен өзара шабыт алмасудың ортасын қалыптастырды.
Бірінші бөлімде «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын қалыптастыру құралы ретінде сынып сағаттарын өткізудің заманауи форматтары таныстырылды. Қатысушылар студенттердің жеке әлеуетін дамытуға, жауапкершілігін қалыптастыруға, саналы таңдау жасау дағдылары мен тұлғааралық қарым-қатынас мәдениетін дамытуға бағытталған ашық сынып сағаттарына қатысты. Педагогикалық сабақтастық моделін көрсеткен «тандем – бастаушы тәлімгер» форматы кәсіби ортада ерекше қызығушылық тудырды
Екінші бөлімде бірінші курс студенттерінің колледж өміріне бейімделуі мен әлеуметтік белсенді оқу тобын қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Білім алушылардың жаңа ортаға қадам басқан сәтінен бастап олардың көшбасшылық әлеуетін айқындап, дамытуға бағытталған жүйелі тәсіл таныстырылды.
Семинар педагогтердің кәсіби ресурсын нығайтуға бағытталған рефлексиялық сессиямен аяқталды.
Өткізілген іс-шара оқу тобы жетекшілеріне жүйелі әдістемелік қолдау көрсетудің маңыздылығын және Қостанай облысы колледждеріндегі тәрбие жұмысының сапасын арттырудың тиімді тетігі ретінде желілік өзара іс-қимылды дамытудың өзектілігін растады.